Жұлдыздар әлемі
2022 | Шытырман | 1 season | 6+
Like
Add to favourites
Таңшолпан есімді кішкентай қыз жұлдыздарға қызығып, күн сайын өзінің терезесінен аспанға қарайды. Бүлдіршіннің бұл қызығушылығын байқаған Ай оған жұлдыздар туралы қызықты деректер мен аңыз-ертегілер айтып береді. Бір күні Шолпан туралы айтса, бір күні Жеті қарақшы туралы сыр шертеді. Осылайша мультфильмде қазақтың аспан әлеміне қатысты аңыздары қамтылады. Мысалы, Темірқазық – қозғалмайтын полярлық жұлдыз. Құрамындағы жұлдыздар кейбірі шұбатылған арқан тәрізді, ал екіншісі арқандаулы атқа ұқсас. Олар Темірқазықты үнемі айнала қозғалады. Бұлардың сыртын ала, арқандаулы аттарды торуылдап, Жетіқарақшы айналады. Көкжиектен төмен түспей түні бойы айналып жүретін бұл жеті жұлдыздың қозғалысы, күндіз тасаланып, түнде ұйықтамай, қолайлы сәтті күтетін ұрының әрекетіне ұқсайды. Аңыз желісі бойынша Жетіқарақшы – Қырыққарақшының (сол маңдағы майда жұлдыздар) барлаушысы. Олар Вега мен Капелла жұлдыздарындағы батырлардың аттарын (Ақбозат пен Көкбозат) қолға түсіріп алмақшы. Жетіқарақшының топ басшысы қыранқарақшы (Мицар) Үркердің қызы Үлпілдекті (Алькор) мінгестіріп алған. Үркер Жетіқарақшыдан үнемі қашып жүреді. Өйткені, Жетіқарақшы Ақбозат пен Көкбозатты ұстап мінсе, Үркердің Сүлусарысын (Альдебаран) ұстап алады. Бұл аңыздан көшпелі ел тұрмысының сарыны байқалады. Осы тәріздес аңызбен әр серияда бір жұлдыздың сыры ашылып, сол жұлдызға қатысты халқымыздың таным-түсінігі сипатталады. Ол оқиға түрінде анимациялық шешіммен беріледі. Мысалы, Темірқазық, Жеті қарақшы, Үркер, Шолпан, Сүмбіле сынды он жұлдызға негізделген.